Турист құжаттары: шетел паспорты, виза
Шетелдік қонақтар Қазақстан Республикасына мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері арқылы паспорттар немесе оларды алмастыратын құжаттар бойынша, қажет болған жағдайда Қазақстан визалары болған кезде кіреді және шығады.
2020 жылғы наурыз айының жағдайы бойынша 73 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алатын еді. Алайда, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 17 сәуірдегі №220 Қаулысына сәйкес, 54 ел үшін визасыз режим 2020 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрды.
Визасыз режим тек Әзербайжан, Аргентина, Армения, Беларусь, Бразилия, Грузия, Гонконг, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эквадор және Оңтүстік Корея азаматтарына қолданылады.
Кімге виза қажет емес?
30 күнге дейін визасыз кіру
Елде 30 күнге дейін болу құқығымен визасыз кіру мына елдердің азаматтарына беріледі: Әзербайжан, Аргентина, Бразилия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Сербия, Түркия, Өзбекстан және Эквадор.
Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіру елдерінің тізіміне мына елдер де кірген (2020 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрды): Австралия Одағы, Австрия Республикасы, Люксембург Ұлы Герцогтігі, Венгрия, Ватикан қала-мемлекеті, Израиль Мемлекеті, Қатар Мемлекеті, Кувейт Мемлекеті, Грек Республикасы, Ирландия, Исландия, Италия Республикасы, Канада, Лихтенштейн Княздігі, Монако Княздігі, Бахрейн Корольдігі, Бельгия Корольдігі, Дания Корольдігі, Испания Корольдігі, Нидерланд Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Таиланд Корольдігі, Швеция Корольдігі, Латвия Республикасы, Литва Республикасы, Малайзия, Мексика Құрама Штаттары, Жаңа Зеландия, Португалия Республикасы, Болгария Республикасы, Индонезия Республикасы, Кипр Республикасы, Колумбия Республикасы, Мальта Республикасы, Польша Республикасы, Сингапур Республикасы, Словения Республикасы, Филиппин Республикасы, Хорватия Республикасы, Чили Республикасы, Румыния, Сауд Арабиясы, Словак Республикасы, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі, Америка Құрама Штаттары, Вьетнам Социалистік Республикасы, Оман Сұлтандығы, Германия Федеративтік Республикасы, Финляндия Республикасы, Франция Республикасы, Чехия Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Эстония Республикасы және Жапония.
Жоғарыда аталған елдердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына барлық түрдегі жарамды паспорттары бар болғанда, елде 30 күнге дейін болу құқығымен кіре алады.
90 күнге дейін визасыз кіру
Елде 90 күнге дейін болу құқығымен визасыз кіру мына елдердің азаматтарына беріледі: Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Украина.
Гонконг
Гонконг АӘА азаматтары Қазақстанға елде 14 күнге дейін болу құқығымен визасыз кіре алады.
72 сағаттық визасыз транзиттік режим
2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қытай Халық Республикасы мен Үндістан Республикасының азаматтары үшін Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент, Қарағанды және Тараз қалаларының халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен үшінші елге бара жатқан немесе үшінші елден қайтып бара жатқан 72 сағаттық визасыз режим енгізілді. 2020 жылғы 30 наурыз жағдайы бойынша бұл режим 2020 жылғы 1 қарашаға дейін тоқтатыла тұрды.
Қазақстан визасын қалай алуға болады?
Қазақстанға виза қажет шетел азаматтары үшін бүгінгі күні оны алудың бірнеше нұсқасы бар: ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдіктері арқылы немесе электронды түрде, яғни e-visa.
Бірінші нұсқа
Визалар ҚР Сыртқы істер министрлігімен (бұдан әрі – ҚР СІМ), шетелдегі мекемелер мен ҚР СІМ консулдық пункттерімен, ал олар болмаған жағдайда – ҚР арнайы уәкілетті өкілдерімен беріледі. Қабылдаушы ұйымдардың өтініші бойынша шетелдіктерге көп рет виза берілуі мүмкін.
Екінші нұсқа. Е-visa
2019 жылдан бастап 105 мемлекеттің шетелдік туристері электронды-туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды, 18 мемлекеттің азаматтары – емделуге немесе іскерлік визаға. Электронды виза (іскерлік, туристік және емделу санаттары) қазақстандық тараптың қолданыстағы шақыруы негізінде рәсімделеді. Шақыруды қарау мерзімі – 5 жұмыс күні, содан кейін шақырушы тарапқа шақыру нөмірі беріледі, оны электронды визаны одан әрі рәсімдеу үшін туристке беру қажет. Содан кейін турист www.vmp.gov.kz порталы арқылы электронды визаны рәсімдей алады.
Виза санаттары:
- Туризм мақсатында виза (В12 санаты) 90 тәулікке дейін мерзімге бір рет беріледі, Қазақстан Республикасы аумағында болу құқығы 30 тәуліктен аспайды.
- Іскерлік сапар мақсатында виза (В1 санаты) 90 тәулікке дейін мерзімге бір рет беріледі, Қазақстан Республикасы аумағында болу құқығы 60 тәуліктен аспайды.
- Іскерлік сапар мақсатында визалар (В2-В3 санаттары) 90 тәулікке дейін мерзімге бір рет беріледі, Қазақстан Республикасы аумағында болу құқығы 30 тәуліктен аспайды.
- Емделу визасы (С12 санаты) 180 тәулікке дейін мерзімге бір рет беріледі, Қазақстан Республикасы аумағында болу құқығы 90 тәуліктен аспайды.
Шетелдіктер Қазақстан Республикасының аумағына/аумағынан жарамды электронды визаны пайдалана отырып тек Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларының өткізу пункттері арқылы кіре/шыға алады. Әуежайда көрсету үшін басып шығарылған визаны өзіңізбен бірге алып жүру қажет.
Қосымша ақпаратты ҚР СІМ сайтынан ала аласыз.
ҚР визаларын беру негіздері:
Кіру визаларын беру негіздері шетелдіктердің Қазақстанда болу мақсаттарына сәйкес келуі тиіс. Осылайша, туыстары мен таныстарының шақыруы бойынша, яғни жеке істер бойынша, сондай-ақ іскерлік мақсаттармен, оқуға және турист ретінде келгендер Қазақстан аумағында жұмысқа орналаса алмайды.
Визалардың санаты мен түрлері, оларды беру тәртібі, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімін қысқарту мен ұзарту ҚР СІМ мен ҚР ІІМ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша анықталады.
Қазақстан аумағы арқылы азаматтығы бар мемлекеттің визасыз кіру туралы келісімі бар елге транзитпен өтетін шетелдіктер Қазақстанның транзиттік визасын алуға міндетті.
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарымен транзитпен өтетіндер, оның ішінде жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратындар, тек халықаралық автомобиль қатынасы үшін ашық жолдар бойынша жүреді.
Келгеннен кейін көші-қон полициясы органдарында тіркелу қажет пе?
Тіркеусіз 30 тәулік
2020 жылдан бастап 2019 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылған Заңға сәйкес Қазақстанда 30 күнге дейін болатын шетелдіктерді міндетті тіркеу алынып тасталды. Дегенмен, қабылдаушы тарапта шетелдік қонақтың елге кіру сәтінен бастап үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне хабарлау міндеттемесі сақталады.
Ол үшін визалық-көші-қон порталында:
- шетелдік туралы мәліметтерді толтыру, қажет болған жағдайда оның балалары туралы;
- толтырылған өтініш нысанына ЭЦҚ көмегімен қол қою;
- 15 минуттан кейін жеке кабинетте сақталатын дайын құжатты алу.
Қызмет тегін және 2014 жылдан бері ІІМ ұсынады.
Шетел азаматының Қазақстанда 30 тәуліктен астам болуы
Шетел азаматы Қазақстан аумағында 30 тәуліктен астам болған кезде қабылдаушы тарап (қонақүйлер, хостелдер, жалдамалы пәтерлер, емдеу-профилактикалық мекемелер және басқа заңды және жеке тұлғалар) қонаққа уақытша болуға рұқсат (тіркеу) рәсімдеуге міндетті.
Назар аударыңыз, шетелдіктерді тіркеу және Қазақстанға шетелдіктердің келуі туралы хабарлау — бұл енді қабылдаушы тарапқа жүктелетін екі бөлек міндеттеме.
.png&w=3840&q=75)

.png&w=3840&q=75)